Өнегелі өмір мен тәрбиелі тәлім
Өркениетке жол
тартқан Қазақстанның болашақ қожасы-бүгінгі ұрпақ.Қара басының қамы емес қазақ
деген ұлттың болашағы үшін алаңдап,Қазақстанның қамын ойлаған кез-келген
ұлтжанды патриот бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне саналы түрде үлес қосары сөзсіз.
Қоғамның басты
капиталы-адам десек,әр адамның туып өскен ұясы –отбасы.Балаға отбасынан дұрыс
тәрбие қалыптастыру ата-ананың ең басты міндеті.Кейін келе мектеп пен отбасының
сабақтастығы бала өмірінің дұрыс арнада бағыт алып дамуында маңызды рөл
атқарады.Осы орайда тек сөз бен қағаз жүзінде жұмыс жасау ұлт болашағын
тәрбиелеуге көлеңке түсірері даусыз.Ұлт болашағын бар жан-тәнімен ұғынып,оған
сызат түсірмеуге тырысып,қарапайым болса да қолдан келген мүмкіндіктерді
қолданып,үштік одақпен ынтымақтасқан тұрғыда іс-шаралар жүргізу жұдырықтай
жүрегі «жұртым»деп соққан патриоттарға тән.
Әр адам үшін
отбасы баға жетпес құндылық.Сол құндылықтың құнын түсірмей,қадірлеп,оны аялай
білу үлкен сауаттылықты қажет етеді.Осы тұрғыда мектеп оқушыларына «Отбасылық
сауаттылық»тақырыбында қосымша сабақ жүргіземін.Әр сыныпқа таңдалған тақырыптар
бойынша оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай отбасылық қарым- қатынас
мәселелері төңірегінде қарапайымнан күрделіге қарай отбасы тарихы,
саясаты,экономикасы сынды ауқымды мәселелерге дейін ой бөлісіп, пікірлер алмасу
арқылы балалардың қоғамға деген көзқарасының дұрыс қалыптасып, болашақта ел
мүддесі үшін қызмет атқаратындай рухы мықты, ұлтжанды патриоттар болуына үлес
қосуды өзіме мақсат тұтамын.Сонымен
қатар үштік одақ жұмысын қуаттандыра түсу үшін «Жанұя-Мектеп»психологиялық
клубын жүргізіп келемін.Клубтың ең алғашқы саны«Қайран біздің аналар арды
ойлаған...»деп аталған.Клубтың ашылу салтанатында «Алтын», «күміс» алқа
иегерлері Жетіошақ Секіш,Сағидан Камелхан,Жуманова Марван,Бақыт Садине сынды ауылдағы абыройлы ақ самайлы әжелеріміз
өмір жолдарының өткелдері мен түйткілдерінен сыр шертіп, ақ баталарын беріп, шашуларын
шашқан еді.
Отбасы мәселесі
– адам үшін де қоғам үшін де өте жоғары
сипатқа ие.Отбасындағы тұрақтылық ,
береке-бірлік, сыйластық пен тепе-теңдік
қоғамның өркеніне өзіндік ықпалын тигізеді. Осы тұрғыда өзгелерге үлгі-өнеге болатын отбасыларды анықтап,
оларды елге насихаттау мақсатында мектеп
оқушыларының арасында «Өнегелі отбасы»сауалнамасын жүргіздік.Сауалнама
нәтижесінде ауылдағы екі қарапайым отбасы мектеп оқушыларының басым дауысына ие
болды. Олар-Жанбазар Түгелтай ата мен Оралжандар әулеті. «Өнегелі
отбасы»атанған Оралжандар әулетінің отанасы Шунатай Айна апайымыз
«Жанұя-Мектеп» психологиялық клубының кезекті санына кейіпкер ретінде
шақырылды. Жиналған қауыммен сыр сұхбат ұйымдастырылып, жалғыз басты ананың
өмір жолы жастарға үлгі болды. «Өнегелі отбасы»атағына ие болған отбасыларға
мектеп ұжымы атынан грамота мен сыйлық
ұсынылды.Екі аптада бір рет қасиетті жұмада өткізілетін клубта өмірдегі
әр қилы өзекті мәселелер қозғалып,келген
қонақтармен тартымды жұмыс түрлері ұйымдастырылып,сыр сұхбат
жүргізіліп.ой тудыратын бейнефильмдер көрсетіледі. Іс-шара соңы міндетті түрде
қазақтың ақ бауырсағы төгілген дастарқанға ұласады.Мұндай іс-шаралар мектеп пен отбасы ынтымақтастығын
арттырып,ұрпақтың жолында игілікті жетістіктерге жеткізері сөзсіз.Лайым
ұрпағымыздың болашағы жарқын,алар асуы биік болғай!
Мошке А.